Мәдениет

Өз кәсібінің шебері

Мерей

Салауатты өмір салтын ұстанған

Табан астында аты-жөні есіме түспей отыр, ағылшынның салауатты өмір жолын ұстанса, адам 120 жас жасайды деп, насихаттық үлкен еңбек жазған ғалымы болған. Ол тек мұны жазып, айтып қана қоймаған, өзінің өмірімен дәлелдемек болған. Сөйтіп, еш қарттықты сезінбей тоқсан жеті жасқа жетіп, теңізде су шаңғысын теуіп жүргенде, үйдей толқынның астында қалып, қапыда қазаға ұшырағын. Осы ғалым қарттықты мойындамай, сезінбей ұзақ ғұмыр жасаудың бір шарты — туған күніңді еске алмау, жасыңды санамау деп көрсетеді. Ал біздің қоғамда қалыптасқан үрдіс бойынша бұлай жасау әзір мүмкін емес, әр жыл сайын туған күнін, оның ішінде мерейтойларын міндетті түрде еске салып отырамыз. Мұны елемесек, ренжитіндей көреміз. Дегенмен ішінара, жоғарыда біз айтқан ғалымның жолын ұстанған азаматар да сиректеу ұшырасып қалып жатады.  Сол сиректердің қатарында біздің әріптесіміз, меншік иесі, «Темір» аудандық газеті жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директоры Меңдіхан Әділханұлы да бар. Осы Мәкеңмен ауылдас,  ардагер журналист ағасының ілгеріректе облыстық газет редакцияларына аяқтай келіп, «менің жетпісім, сексенім туралы құттықтаулар шығып кетіп жүрмесін» деп, өтініш жасап жүргенін өз құлағымызбен естіп, қайран қалған едік. Біздің құрдасымыз Меңдіханның да елуі, алпысы артта қалды, бірақ бірауыз құттықтау жолдарын не өзі басқаратын аудандық, не облыстық газет беттерінен көзіміз шалмапты. Енді, міне, бабаларымыз айтатын желмаядай жүйрік уақыт желіп отырып жетпіске жеткізіпті. Жоғарыда өзіміз үлгі еткен ғалымның кеңесін өзіміз бұзып, елу жылға таяу облыс баспасөзіне үлес қосып келе жатқан әріптесіміз хақында өз қалауымызбен сөз қозғамақпыз. Болмаса, жетпісінде шаруамыз жоқ. Тіпті түріне қарап осы жасқа жетіп отырғанына да ешкім сене қоймайтындай, әр кез қарға аунаған түлкідей боп, жүзінен қаны тамып тұрады. Сырт көрген адам әрі кеткенде ердің жасы елуде болар деп ойлайтындай, өңі жас, қынулы, қайратты. Мұның сыры — талай жылдардан бері салауатты өмір салтын ұстанып келе жатқанынан екенін өзі қырық жылға таяу тұратын Шұбарқұдық кентінің халқы жақсы біледі. Өйткені олар қысы-жазы бір мезгілде сарала таңнан тұрып, кенттен Байғанин ауданын бетке алып, құладүзге қарай шығына жүгіретінін талай көрген. Бұл оның ертеңгілік дене жаттығуының басы ғана. Осыдан жары Бибіханның ертеңгілік шайына жеткенше тыным жоқ. Әр кез тамағын әзірлеп, шайын баптап құятын құрдас та бұған риза, өйткені жолдасының күні бойы құр аттай шұлғып жүретін қуатты осы ұстанған жолынан алатынын біледі.

Туған жерден басталған

Меңдіханның ертеңгілік жүгірген кезде төрт бағыттан түстікті таңдауының да реті бар сияқты. Өйткені ол — Байғанин ауданының  азаматы. Доңызтауда кіндік қаны тамып, Оймауыт ауылында оқып білім алған. Еңбек жолын да осы жерде комсомол жетекшісі, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастап, ҚазМУ-дің журналистика факультетін сырттай оқып бітіріп, қолына диплом тигесін осы жерден темірқанаттанып түлеп ұшқан.

Ұшқанда іргедегі Шұбарқұдыққа қонбай, алыс кететін де мүмкіндіктері болған. Диплом жетекшісі болып, қаламының қарымын байқаған университеттегі ұстазы Әбілфайыз Ыдырысов аға сүйікті шәкіртін сол тұстағы аса беделді «Лениншіл жас» газетіне ертіп апарып, Торғай облысындағы меншікті тілшісі етіп тағайындауға жол ашады. Алайда сол кездегі тәртіп бойынша әрбір жас маман өзге жерде жұмыс істеу үшін өзі тұратын облыстық партия комитетінен рұқсат қатынас қағаз әкелуге міндетті болатын. Коммунист маманды Ақтөбе облыстық партия комитетінің насихат-үгіт бөлімінің меңгерушісі Асанғали Шыңбаев: «Өзімізде кадр жетпей жатқанда, сырт облысқа адам бере алмаймыз. Осы жақтан істе, айналайын!» деп жібермей қояды.

 Бейнет пен зейнет

Сол облыстық партия комитетінің нұсқауымен 1978 жылы Темір аудандық газетіне жұмысқа орналасады. Бір жылдай салт істеп, газет редакторының орынбасары лауазымына қолы іліккесін, төрт баласымен жолдасын көшіріп әкеліп, Шұбарқұдық кентіне біржола қоныс тебеді.

Содан бері бұл көршілес екі ауданның төл баласындай болып кетеді. Өзі айтпаса, Шұбарқұдық та туған жеріндей, көп адам біле бермейді. Өйткені ол осы жерде 13 жыл аудандық газет редакторының орынбасары болды. Одан бергі 24 жыл бойы редакторлық қызметін атқарды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін бірер жылдан соң сүйікті кәсібімен қош айтысқандай болған-ды. Алайда көп жылғы көрген бейнеттің зейнетін көруді де Алла нәсіп еткен екен.  Көп ұзамай, жекешелендіру жүріп, көпшіліктің тілегімен аудандық газет басшылығы қайта қолына тиді. Меншік иесі болды. Газеттің редакторлық тізгінін өзінің жолын қуған ұлына тапсырды.

Жарты ғасырға таяу қаламы қолынан түспей келе жатқан қарымды журналистің тәжірибесі де, алған асуы да көп. Бұл біздің баспасөзге келген уақытынан санап отырғанымыз. Әйтпесе Мәкеңнің жазуға машықтануы әргіректе, мектептің төменгі сыныбында оқып жүріп, жоғарғы сыныптың оқушыларын «Кірпі» аталатын қабырға газетіне: «Базарбай, Қыдыр, Нысанбай, аузынан ішіп арақты, домалап жатты құса алмай» деп іліп-қағып өлең жазуынан басталады.

— Мектеп бітіруге таяндық деп, аздап қызыл шарап ішіп, көзге түсіп қалған ғой. Соны мен ұйқас қуып, асырыңқырап сілтеп жіберсем керек. Сол үшін өзімнен үлкен балалардан оңбай таяқ жедім, — деп еске алады осы оқиғаны.

Өмірдің сабағы

Өмірдің осындай маңдайға таяқ болып тиетін жағынан ерте сабақ алған Мәкең көп сызды жерді баса бермейді. Ұлы Абай айтқандай, ақырын жүріп, анық басады. Содан да өмірінің көп белестері табысқа толы. Отыз жасында Байғанин ауданының орталығында өткен облыстық ақындар айтысында жүлдегер атанды. Одан бергі аралықта алған марапаттары да жетерлік. Қазақстан Республикасының он жылдығына орай Елбасының Алғыс хатымен, «ҚР Конституциясына  10 жыл», «ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдық, 25 жылдық» мерекелік медальдарымен, Қазақстан Журналистер одағының дипломымен марапатталған. Осы биылғы жылдың өзінде, облыста өткен бұқаралық ақпарат құралдары күніне арналған салтанатта облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолынан Алғыс хат пен ақшалай сыйлық алды.

Меңдіханды өзі туып-өскен, жұмыс жасаған екі ауданның тірі шежіресі  деуге болады. Көзді ашып-жұмып айтқанда әңгіменің балын тамызады, тек тыңдауды біл. Жастай өлең сөзге құмартып, Сағи, Өтежан, Есенбай, Бәкір ақындармен бірге жүріп, табақтас болған азамат, олардың ел ішінде ауыз екі айтқан шымшыма өлеңдерін жатқа соғады. Өзінің де әр жылдарда жазған біраз өлеңдерінің басын құрап, баспадан кітап қылып шығарып алғанын медет тұтады.

Шығармашылықтан гөрі, көп күшінің күнделікті газет қызметіне жұмсалғаны және рас. Шешенің тәрбиесінде болып, әкеден жастай қалған төрт баланың үлкені болғаны да оған аз жауапкершілік жүктеген жоқ. Сол он екі жасынан тырбынып, қол еңбегімен де інілеріне өнеге көрсетумен келеді.

— Шешем қайратты адам еді. Осы берегіректе 85 жасында дүниеден өтті. Соның күшімен жеттік. Өзі тегін де адам емес. Шамырқанса қара суды теріс ағызған, дін жолын ұстанған Бекем ахунның қызы. Молдасың деп Кеңес өкіметі түрмеге қамаған, ақырында қапысын тауып өлтірген. Сүйегі Оймауыттан 45 шақырым жердегі Шиліқарада жатыр. Шиді малға ық болады деп өзі қолдан еккен екен. Малды адам болған, — дейді Меңдіхан анасы мен нағашы жұрты туралы.

Осындай әңгімелерді құрдасымыз жаны кіріп, қызынып, өмірден әлдеқашан өтіп кеткен адамдардың қадір-қасиетін көз алдыңа келтіріп айтады. Тек өткенді емес, бүгінгі ішінде өзі болған оқиғаларды да солай дәмдеп жеткізеді. Көп ерекше қасиетінің бірі — әр жыл сайын еңбек демалысында алысқа барып, ел көріп, жер көріп отбасымен демалады екен. Биыл ұзақ жыл денсаулық саласында қызмет істеген жолдасы, еңбек ардагері Бибіханды және Айымхан, Нұрайхан  есімді немерелерін алып Астанада демалып, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін армансыз тамашалаған. Көрмеден оралғаннан кейін әр ортада болған кезде оның жетістіктерінен талай әңгіме шерткен ғой. Соны тыңдаған темірлік құрдастары: «Меңдіхан әңгімелеп жеткізгеннен кейін, көрмеге бара алмай қалдық деп, өкінбейтін болдық» дейді. Олардың осы әзілдерінде шындық та бар. Иә, біздің әріптесіміз, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, кәсіби журналист Меңдіхан Әділханұлы — қай тақырыпты да осылай жеріне жеткізіп айтатын өз кәсібінің шын шебері.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button